Халықпен кездесу 04.08.2022 ж.

 

Қоршаған табиғат үшін жауапкершілік және жергілікті халыққа қамқорлық

«Байкен-U» ЖШС өз қызметінде адам және қоршаған орта қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басты және ерекше көңіл бөліп келеді. Қоршаған ортаны қорғау мақсатында, экологиялық мәселелерді насихаттау және ағарту мерзімді түрде жүргізіледі, яғни экологиялық апталықтар өткізіліп, кеніш нысандарында сенбіліктер ұйымдастырылады. Сондай-ақ, кеніш пен оған іргелес жатқан елді мекендерді (Байкенже, Билібай, Жаңақорған) көгалдандыру жұмыстары да жүргізіледі.

Осы тұрғыда, «Байкен-U» ЖШС-нің бастамасымен 2020-2021 жылдарда, Серіктестіктің «Харасан-2» кеніші өндірісінің қоршаған орта нысандары мен жергілікті тұрғындарға экологиялық және әлеуметтік әсерін бағалау мақсатында арнайы мамандандырылған «Жоғары технологиялар институты» ЖШС-мен келісім-шарт жасап, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын.

Серіктестік ағымдағы жылдың 4-тамызында Жаңақорған ауданы, Байкенже ауылдық округі әкімі аппаратының «Байкенже» ауыл клубында жергілікті тұрғындарын, ауыл әкімшілігі өкілдерін жинап, аталған жұмыстардың нәтижелерімен таныстырды.

Жиналыс барысында «Жоғары технологиялар институты» мекемесінің мамандары атқарылған іс-шараларға баяндама жасап, Серіктестік өкілдерімен бірге тұрғындардың сұрақтарына жауап беріліп, жиналысқа қатысушыларға ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері түсірілген кітапшалар таратылды.

Ғылыми-зерттеу жұмыстары аясында «Харасан-2»

кенішінің геотехнологиялық өрістер аумағында, кенішке іргелес аумақтардағы шаруа қожалықтарында, дайын өнімді «Жаңақорған транзит» ЖШС тасымалдау жолында, Сырдария өзені және ағызу арналарында және Байкенже, Билібай ауылдарында топырақ пен судан сынамалар алынып зерттелді.

Зерттеулер нәтижелері бойынша:

  • Топырақтың табиғи құрамы сілтілі ортамен сипатталады (рН=8-9).
  • Өндірістік нысандары аумағынан тыс ластану фактілері анықталған жоқ.           
  • Геотехнологиялық алаңда радиоактивтілік көрсеткіштері техникалық регламенттер мен Қоршаған ортаға әсерін бағалау талаптарына сәйкес келеді.
  • Геотехнологиялық алаңдағы радиациялық фонның орташа мәні 0,2 мкЗв/сағ құрайды, технологиялық блоктардан тыс радиациялық көрсеткіштер жергілікті жердің табиғи фонынан аспайды (0,11-0,18 мкЗв/сағ).
  • Кенішке іргелес аумақтағы жер үсті көздеріндегі су тұздардың табиғи құрамымен сипатталады.                                      

Қоршаған табиғатты сақтаудың маңыздылығына байланысты өсімдіктер мен жануарларға зерттеу жұмыстары барысында олардың сирек кездесетін және Қызыл кітапқа енген түрлеріне, сондай-ақ, қауіпті (улы) түрлеріне ерекше назар аударылғандығы айтылды.

Сонымен қатар, зерттеу аймағында әлеуметтік сканерлеу мақсатында «Харасан-2» кенішіне жақын орналасқан елді мекендерді аралау; жер пайдаланушылармен кеңесу; көшпелі мал шаруашылығының көші-қон жолдарын қоса алғанда, қоршаған аудандардағы су мен жерді пайдалану; көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын халықты қосқанда су мен жер пайдаланушыларды анықтау; жер қойнауындағы мәдени мұра ескерткіштерін анықтау бойынша жұмыстар атқарылды.

Атап айтқанда, «Жоғары технологиялар институты» мекемесінің әлеуметтанушы өкілдері Жаңақорған ауданы әкімімен, 4 ауылдың (Жаңақорған, Кейден, Байкенже және Билібай) жергілікті тұрғындармен,  ірі жер иелері, шаруа қожалықтарымен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын бағалау мақсатында тұрғындардан сұхбат алынып, сауалнама жүргізілген болатын.

Байкенже ауылының жергілікті қоғамдастығының төрағасы - Бекназаров С. және ауыл Ардагерлер ұйымының төрағасы - Серкінбайұлы Б. ағаларымыз жиналысқа қатысушылардың атынан баяндаманы оңынан қабылдап, лажы болса өндірістің халыққа кері әсерін тигізбей, сыйласып тиянақты жұмыс істеп, осылай халықпен жиі-жиі кездесіп тұрыңыздар деген тілектерін білдірді.

Жиналыс соңында Серіктестіктің бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары - Е.Смайлов Серіктестік өз тарапынан әрдайым жергілікті халықпен өзара іс-қимыл жасауға ұмтылатынын, аталған ғылыми-зерттеу жұмыстарының алдағы уақытта да жалғасын табатынын және ол жөнінде мүдделі жұртшылыққа таныстырылып ашық жарияланатынын айтып тәмамдады.

«Байкен-U» ЖШС

«Харасан-2» кенішінің

 Өндірістік қауіпсіздік бөлімі